Жас буынның бойында қоршаған ортаға деген жанашырлық сезімі мен экомәдениетті қалыптастыру мектеп қабырғасынан басталуы керек. Осы мақсатпен Есіл қаласының №3 жалпы білім беретін орта мектебінде «Табиғатты аялап, сақтайық» атты игі бастама қолға алынды. Оқушылар аталған іс-шараға қатыса отырып, қатты тұрмыстық қалдықтарды санатына қарай бөліп жинауға дағдыланады. Әзірге мектептің фойесінде макулатура, яғни қағаз қалдығын жинауға арналған жәшік орнатылды. Сұрыпталған қағаз қалдықтары кейін үлкен қалалардағы қоқыс өңдеу зауыттарында қайта өңделіп, кәдеге жаратылады. Осылайша қатты тұрмыстық қалдықтан экологияға келетін зиянға тосқауыл қойылады. Ал оқушылар экологиялық жағдайды жақсартуға өз үлестерін қосады. Бұл бастаманы мектеп ұжымының қолдауымен ұйымдастырып, іске асырған ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Гүлден Асанқызы Жарылғапова.